ТҮРКІСТАН: ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫН РЕТКЕ КЕЛТІРМЕГЕН ӘКІМДЕРДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҚАРАЛАДЫ

Түркістан облысында 2,1 млн адам тұратын 800-ден астам елді мекеннің 361-і қоқыс шығару қызметімен қамтылған. Аудан, қалалар аумағында 151 қатты тұрмыстық полигон орны белгіленген. Оның 32-сі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты бөлімге, 76-сы ауыл әкімдерінің және 43-і сенімгерлік басқаруға берілген. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде облыстағы 151 полигонның 71% талап тарға сәйкес келмейтіндігі анықталды.

Қоқыс полигондары мәселесі Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде арнайы талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқарма ұсынған деректерде алшақтық бар. Нақтылап, шынайы ақпаратты ұсыныңыздар. Қатты тұрмыстық қаллық тастайтын полигондардың бәрі санитарлық талапқа сай әрі сапалы болуы тиіс. Тұтас зерделеп, қадағалаңыздар. Қоқысты өңдеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың айтуынша, облыс әкімімен Түркістан облысы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендірудің 3 жылдық жоспары әзірленіп, бекітілген. Алайда аудан, қала әкімдіктерімен осы күнге дейін жұмыс жүргізілмеген.

Облыс аумағында тұрғындар санының көбеюіне байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді. 2024 жылдың 5 айында қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 22,2%-ға жетіп отыр. Жыл қорытындысымен межені 26%-ға жеткізу жоспарланған. Қазығұрт, Отырар, Шардара, Бәйдібек, Келес аудандары аумағында қоқыстарды сұрыптау немесе қайта өңдеу кәсіпорындары болмағандықтан қоқыстарды қайта өңдеу көрсеткішін орындау күмән келтіруде.

2023 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ арқылы облыс аумағында ғарыштан түсірілім жасалып, елді мекендер аумағында қатты тұрмыстық полигонның сыртында бей-берекет қоқыстар тасталған 414 нүкте анықталған. Ал 2024 жылы 19 нүкте анықталып отыр, қазіргі уақытқа тазаланғаны – 3. Яғни, тұрғындар елді мекен аумағында заңсыз әрі тұрақты түрде қоқыс тастауды жалғастыруда. Бұл мәселені шешу бойынша да міндет жүктелді.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 7 ақпанда өткен кеңейтілген мәжілісінде «инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуды жандандыру» тапсырмасы берілген. Қалдықтарды жинаудан бастап, оларды сұрыптаумен айналысатын мердігер мекемелерге субсидиялау тетіктері мен несиелендіру «Жасыл Даму» АҚ-ы қаржысы есебінен қарастырылған. Облыстан бүгінгі күнге 14 жоба мақұлданған.

Мәжілісте облыс әкімі осы жұмыстарды жандандыру, қоқыстарды тұрақты бей-берекет тастайтындарға тиісті айыппұл салу, тазалықты сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру, заңсыз әрі талапқа сай келмейтін қоқыс полигондарын реттеу жөнінде тапсырма берді. Бұл жұмысты дұрыс атқармаса, аудан, қала, ауыл әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына тиісті шара көрілетіні ескертілді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *