Бүгін «Таза бейсенбі» республикалық апталық акциясы аясында Еңбекші ауданында орналасқан Забадам өзенінің бойында тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшының орынбасары Бекайдар Тулегенов, Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депуттары, партия қызметкерлері, қалалық «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері, бастауыш партия ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кетейік, ұзақ мерзімге жоспарланған экологиялық акция барысында партияластар аптаның әр бейсенбісінде бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді шешетін болады. Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды міндеттері тұр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті. «AMANAT» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысуда. Енді әр апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың Картасы әзірленді. Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қазірден қалыптастыруымыз керек.Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн»,-дейді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшының орынбасары Бекайдар Тулегенов.
Бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан аумақтарды, өзен-көлдердің жағалауын тазарту, тарихи, мәдени ескерткіштердің айналасын абаттандыру, қала көшелерін көгалдандыру жұмыстары осы міндеттерге айтарлықтай үлес қоспақ.