Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз жалғасын табуда. Қазығұрт ауданында тазалық шаралары жүйелі түрде атқарылып келеді. «Көктен ата» кесенесі шөп-шаламнан тазартылды. Оған ауданның белсенді жастары мен еріктілері қатысты.
Сенбілікте кесененің айналасы қоқыстардан тазартылып, ағаштарын бұтау, әктеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы ауданда көгалдандыру, абаттандыру мен тазалық шаралары күнделікті жүргізілуде.
«Таза Қазақстан» Республикалық акциясы аясында Созақ ауданында да ұйымдастырылды. Барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісіп, аялдамаларды, ішкі көшелерді, «Біресек» каналы мен темір жол бойын тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұған қоса, Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағындағы тал көшеттері суарылды.
Жалпы, акцияға 2450-ге тарта мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен белсенді жастар және 15 арнайы техника жұмылдырылды. 38 шақырым көше бойлары мен 18 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 11 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 87 тонна қоқыс тасымалданды.