Шымкент қаласында еліміздегі ең үлкен стадионның құрылысы басталды. Бүгін салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, іргетасын қалады. Нысан «Тұран-2» шағын ауданында бой көтереді.
Тарихи оқиғаға футбол ардагерлері мен қоғам белсенділері, «Ордабасы» клубының қызметкерлері, бапкерлері мен ойыншылары қатысты. БАҚ өкілдері мен жергілікті футбол жанкүйерлері де куә болды.
Стадион несімен ерекшеленеді? Мінездеме бере кетейік. Жаңа арена 35 мың орындық. Аумағы 21 гектар. Жаңа спорт нысаны УЕФА талаптарына сәйкес бой көтереді. Архитектуралық дизайнмен салынатын сәулетті стадион шаһар көркіне көрік қоса түспек.
Стадионға жаспсарлас жаттығу алаңдары мен автотұрақ та салынады. Сәулетті спорттық нысанда әлемдік стандартқа сай табиғи көгал төселіп, трибуналары сол жасыл алаңға жақын орналасатын болады.
Жаңа стадионның кескін-келбеті жанкүйерлердің көңілінен шыққан сыңайлы. Тіпті, кәсіби футболшылар да қызығушылығын жасыра алмады. Теңбіл доп шеберлері әлемге әйгілі командаларды өз қаламызда қабылдайтын күннің алыс емес екенін айтады. Мықты ойын өрнегін көрсетіп, футбол сүйер қауымға ерекше шабыт сыйлайтынына сенімді.
Қазақстандағы ең үлкен футбол алаңдары:
«Астана Арена» – 30 200
2. Алматы Орталық стадионы – 23 804
3. Мұңайтпасов атындағы стадион (Шымкент) – 18 000
4. «Шахтер» Орталық стадионы (Қарағанды) – 19 500
5. Қобыланды батыр атындағы стадион (Ақтөбе) – 13 500.
Шымкентте 1969 жылы салынған бір ғана стадион бар. Ол 18 мың адамға лайықталған. Бұл заманауи арена халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге, қаланың спорттық имиджін жақсартуға, жергілкті халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризмді дамытуға да өз септігшін тигізеді.