Жергілікті тұрғындар «Көл» атап кеткен демалыс аймағы ел игілігіне берілді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа нысанда болып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Жылдар бойы қараусыз қалған аумақ заманауи талапқа сай абаттандырылып, халықтың серуен алаңына айналды.Қала әкімінің тапсырмасы аясында нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Көлдің түбі тазаланып, айналасы абаттандырылды. Көгалдандырылған аумаққа озық үлгідегі жарық жүйелері жүргізілді. Су қоймасы толтырылып, субұрқақтар іске қосылды. 950 шаршы метрге бетон төселіп, 350 шаршы метр гранит жаңаланған.
Бұл жұмыстар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылды. Қала басшысы тұрғындармен кездесіп, демалыс аймағын таза ұстап, ұқыпты қарауға шақырды.
Сонымен қатар қалада халық серуендейтін тағы бір аймақ ашылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге заманауи талапқа сай абаттандырылған балалар теміржолы аумағын аралады.
Мегаполис басшысының тапсырмасымен, қараусыз қалған аумақ жан-жақты зерделеніп, жаңа серуендеу аймағының тұжырымдамасы дайындалған болатын. Жоба негізінен қала халқының белсенді демалысына бағытталды. Спорт шағынауданында жүгіру және велосипед жолдары, воркаут-алаңдары бар. Дендропаркке дейінгі серуендеу аймағының ұзындығы шамамен алты шақырымды алып жатыр. Алдағы уақытта азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін мұнда бейнекамералар орнатылады, сондай-ақ турполиция тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырады.
Айта кетейік, балалар теміржол желісін қайта құру қыруар қаражатты қажет етті. Бүгінде тар жолдарға арналған локомотивтер мен вагондар өндірілмейді. Шетел асып, Қытай жағалауға болар еді. Бірақ құны тым қымбатқа түседі. Ұзындығы 6 шақырым шойын жолдың бір бөлігі бұзылғаны тағы бар. Жағдайды жан-жақты зерделеген жергілікті билік қараусыз қалған балалар теміржолын жаңа серуендеу аймағына айналдырды.
Айтпақшы, бұл да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылды.