Елімізде 2021 жылы қабылданған, 4 жылға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 4 негізгі бағытты қамтиды.
Атап айтатын болсақ:
«Таза Қазақстан»;
«Үнемді Қазақстан»;
«Табиғат»;
«Экология болашағы».
Түркістан облысында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы сәтті іске асып келеді. Облыс аумағында экологиялық сенбіліктер жалғасуда. Сарыағаш ауданында сенбілік өтті. Аталған тазалық шарасына мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен еріктілер қатысты. Сенбілік жұмыстарында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды, арық-атыздарды тазалау,шөптерді ору жұмыстары жүргізілді.
Жетісай ауданында да ілкімді істер атқарылуда. 2 мыңға жуық тұрғын сенбілікке шықты. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелер мен жергілікті тұрғындар көшелер мен автомобиль жолдарының бойын тазалап, ретсіз өскен ағаштарды бұтап, шөптерін шапты. Тұрмыстық қалдықтардан арық-атыздарды тазартты.
Бұған дейін де қала, кент, барлық ауылдық округтердегі шешімін толық таппай келе жатқан тазалық жұмыстарын бір қалыпқа келтіру мақсатында коммуналды сала қызметкерлері мен мөлтек аудан билерінің, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Одан бөлек, көпшілік орындар мен адамдар жиі жүретін жерлерге тазалықты сақтау, санитарлық талаптарды орындауға шақыратын үнпарақшалар да ілінген.
Бірінші кезекте қоғамды қоқыстан тазартуға, тұрғындардың мәдениеттілігі мен тазалық жұмыстарын сақтауға, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға оң ықпал ететін санитарлық тазалық жұмыстары барысында 32 тонна қоқыс шығарылып, 13 техника жұмылдырылды.