ТҮРКІСТАН: 51 МЫҢ 500 ГЕКТАР ЖЕРГЕ 78 МЛН АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Түркістан облысында 2025 жылға дейін 110 210 гектар алқапқа 170 млн көшет егу жоспарланған. Осы бағытта өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Отырар ауданында орманды молайту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

2023 жылы  Отырар орманшылары 5700 гектар жерге сексеуіл дәнін сеуіп, биыл құмды аймақты жасыл желекке айналдырды.  Нәтижесінде, шөлді аймақта құм көшкіні басылып, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар көбейе түскен. Бұл жөнінде Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру үшін  5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызуды және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды тапсырған болатын.  Жалпы 2025 жылға дейін 110 мың гектарға 170 млн көшет егілуі тиіс. Өңірде 2021-2023 жылдары аралығында 51 мың 500 гектар жерге 78 млн ағаш отырғызылды. Қазіргі таңда облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, жоспардың тең жартысы орындалды», дейді Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Айдынбек Махашов.

Даланы көмкерген жасыл желектің басым бөлігін сексеуіл ағашы құрайды.. Созақ, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласында сексеуіл алқабы жылдан жылға артып, орман қоры кеңейіп келеді.

Сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор екен. Ең алдымен құмның көшуін тоқтатады. Себебі, 2-3 метр тереңдікке бойлаған тамырының өзі-ақ дала құмының жылжуын тосқауыл болады. Алайда ол өте баяу өседі. Сондықтан оны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс,-дейді орманшылар.

Айта кетейік, облыста сексеуіл ағаштарының тұқымын жинау, тұқымбақтарда сексеуіл көшеттерін өсіру, оларды орман қоры аумақтарына отырғызу және себу жұмыстары қарқынды түрде атқарылып жатыр. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *