Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Жиында еліміздің үшінші мегаполисінде этносаясат аясында атқарылып жатқан жұмыс жайы сараланды, деп хабарлады Bozyq.kz.
Кеңес мүшелері Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді қала аумағында жүйелі іске асыру, ұлтты ұйыстыратын құндылықтар жүйесін жас буын арасында дәріптеу, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу жайында пікір алмасты. Сонымен қатар этностар жинақы қоныстанған аумақтар мен халық арасында берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың маңыздылығын түсіндіру бағытындағы жобаларды жандандыру туралы сөз қозғады.
Жиын соңында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Заңғар Үсіпахметов жақында ғана Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атағын алған кеңес төрағасы О.Рахманбердиев пен белсенді кеңес мүшесі Д.Шерімқұловты арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, ақсақалдар кеңесі 2023 жылы жұмысын бастаған. Президент тапсырмасына сәйкес, қалалық ҚХА жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органға 17 ақсақал мүше. Кеңеске жасы 60-тан асқан абыройлы ақсақалдар мен белсенді этнос өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары енген. Кеңес жалпыұлттық бірлік саласында межелі мақсат-міндетті іске асыруға жұмылдырылып, қоғамдық негізде әрекет етеді. Қоғамдық және тұрмыстық қатынастарды зерделеу, халықтың проблемалық және өзекті мәселелері бойынша тыңдау өткізу, қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сала мамандарымен өзара іс-қимыл ұйымдастыру, тиісті органдармен бірге этникалық деңгейге өтуі мүмкін жанжалдарды шешуге атсалысу, халық арасында бірлікті нығайту мәселелері бойынша кездесулер өткізу, мемлекеттік органдарға ұсынымдар енгізу сынды бірқатар өкілеттіктерге ие.