Бүгін Шымкентте ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде жеке құрамды оқытудың жазғы кезеңі басталды. Бұл жөнінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты митингті ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Павел Ситников ашты. Өз сөзінде ол бригаданың барлық жеке құрамын жазғы кезеңнің басталуымен құттықтап, жауынгерлік оқу мен жауынгерлік қызметке табыс тіледі.
ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Павел Александрович бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскерлеріне жүктелген міндеттерді шешуде жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейі бұрынғыдан да көп сұранысқа ие екенін атап өтті. Бұл міндеттерді кәсіби дайындалған әскери қызметшілерсіз орындау мүмкін емес. Сондықтан әскери қызметшілер оқу процесіне, ал олардың командирлеріне сабақ өткізуге мұқият және жауапкершілікпен қарау керек. Дәл осы кәсіби дайындалған әскери қызметшілер оқу процесінде алған білімдері мен дағдыларын қолдана отырып, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді толық орындай алады.
Салтанатты бөлімнен кейін ұландықтар партаға отырды. «ҚР Ұлттық ұланының жауынгерлік әзірлікті арттыру және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері» тақырыбы бойынша алғашқы сабақты полковник Павел Ситников өткізді. Сосын жеке құраммен әскери қызметтің әртүрлі міндеттерін орындау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша кешенді сабақтар өткізілді.
Салтанатты жағдайда алаңда сап түзеген барша жеке құрамды әскери бөлім командирлері жаңа оқу кезеңінің басталуымен құттықтап, Отан қорғау жолындағы ұлы істеріне сәттілік тіледі.