«AMANAT» партиясы Мақтарал аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өтті.Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев аудан тұрғындарының талап-тілектері мен өтініштерін тыңдады. Мәжіліс депутаты Парламент қабырғасында қабылданған заң нормалары, олардың мемлекет пен қоғамның дамуына қосар үлесі жөнінде ақпар берді.
Партиялық алаңда өткен қабылдауға Түркістан облыстық мәслихатына осы ауданнан сайланған депутат Жарқынбек Қанаев, аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, Мақтарал аудандық мәслихатының төрағасы Қадір Сәрсекбаев, партияның Мақтарал аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары, ұйым жетекшілері, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар жиында ағын су арналарын жөндеудегі сапасыз жұмыстар, дренаждарды іске қосу мәселесіндегі түйткілдер, Мырзакент мақта өңдеу зауыты аумағынан көтерілетін шаң-тозаң мәселелерін көтерді. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберіндегі несиелеу тетіктері, жер телімдерін бөлу, жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу, тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары, ауыз сумен, табиғи газбен қамту жұмыстары, техникалық қызметкерлердің еңбек ақысын көтеру, арнайы мемлекеттік бағдарламалардың ауылдық жерлерде іске асырылуы мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың көтерген мәселелерін мұқият тыңдады. Темір Базарбайұлы шешімі бар сұраныстарды жергілікті атқарушы және өкілді органдарға тапсырып, олардың орындалуын үнемі бақылауда ұстауды жүктеді. Республикалық деңгейде қарастыруды талап ететін өтініштер өзінің қадағалауында болатынын айтты. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе зерделенетінін жеткізді.