Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасады. Тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мәлімдеді.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен кеңес өтті. Жиында «Таза Қазақстан» акциясының атқарылу барысы, соның ішінде басқармалардың және аудан, қала әкімдерінің акция аясында атқарған жұмыстары сөз болды.
Зұлпыхар Жолдасов тазалық, абаттандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуді, тазалық сақтау бойынша насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Облыстағы барлық басқарма, департамент қызметкерлері өздеріне белгіленген аумақты таза ұстауы керек екенін «шегелеп» тұрып айтты.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Президенттің бастамасымен қолға алынған іс. Енді біз тазалық жұмыстарын жалғастырып, апта сайын пысықтап отыратын боламыз. Облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың жан-жағы да тексеріледі. Жауапты басқармалар, мекемелер жұмысты күшейтсін. Тұрғындардың белсенділігін көтеріңіздер. Түсіндіру, ағарту, ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Аудан, қала әкімдері мен орынбасарлардан осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды талап етеміз. Дұрыс нәтиже болмаса, ауыл округі әкімдері, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарларына шара көрілетін болады. Акция аясында кең көлемді сенбіліктер ұйымдастыру қажет. «Таза Қазақстан» акциясы өз жалғасын табады, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экоакциясы асяында атқарылған жұмыстарға апта сайын талдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда өңірде аталған акция аясында абаттандыру, көгалдандыру санитарлық тазалық, қоқыс шығару және полигондарды күтіп ұстау бойынша жұмыстар атқарылуда. Жалпы облысқа қарасты 807 елді мекенінде сенбілік жұмыстары кестеге сәйкес тұрақты жүргізіліп келеді.