Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Қоғам ауылына жұмыс сапарымен барды. Қоғам ауыл округіндегі өзекті мәселелермен танысып, бірқатар құрылыс нысандарын аралап көрді.
Қоғам, Қарғалы ауыл округтерінде жыл сайын көтерілетін өзекті мәселелердің бірі — ағын су. Осы мақсатта аудан басшысы «Қызыл Ту» насос стансасында болып, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды пысықтады. Бүгінде шаруаларға ағын су тұрақты берілуде. Ағын су деңгейі төмендеген жағдайда 6 насос қосылуға дайын.
Аудан әкімі ауданға келетін ағын су деңгейін бақылауға алып, қажетті су көлемін ұстап тұруға тиісті шараларды атқаруды жауапты сала басшыларына тапсырып, аталған жұмыстар өз бақылауында болатынын жеткізді.
Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы қасиетті орындарды аралап, туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы алдымен «Арыстанбаб» кесенесі аумағындағы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының барысын көрді. Мұнан соң «Отырар төбе» қалажұртындағы реставрациялық жұмыстармен танысып, Сапар орталығындағы туристерге қызмет көрсету бөлмелерін аралап шықты.
Сан ғасырлық тарихы бар киелі Отырар ауданы туризмді дамытуға қолайлы аймақтың бірі. Аудандағы «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалажұртына келушілер саны жыл санап артып келеді. Бүгінде аудандағы киелі орындарға келушілердің саны 113187 адамды құраған.
Аудан әкімі аймақтағы туризм саласы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер тигізетінін атап өтіп, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында істеліп жатқан жұмыстар сапалы атқарылуы керектігін айтып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.