МӘМС: ҚҰНЫ 6 МЛН. 200 МЫҢ ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН КҮРДЕЛІ ОТА ТЕГІН ЖАСАЛДЫ

Шымкентте МӘМС шеңберінде ми қан тамырларына ота жасаудың тың тәсілі 38 жастағы ер азаматта инсульттың алдын алды. Күрделі отаны №2 қалалық аурухананың білікті нейрохирург дәрігері Еркін Медетов жасады.

Науқасты көптен бері бас ауруы, құрысу мазалап келген. Медициналық тексеру барысында ми қан тамырларының мальформациясы анықталған. Инсульт алуға шақ қалған азаматты аман алып қалу үшін жедел әрекет ету қажет болады.

«Артериовенозды мальформацияны» емдеуде ашық немесе тамырдың ішімен ота жасауға болады. Дәрігерлер бұл жолы қан айналымын бітеген тамырларды эмбализация жасап, тіліксіз отаның тың әдісін қолданды. Құны 6 млн. 200 мың теңгені құрайтын күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасалған. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы және таяу күндері ауруханадан шығарылады. Алдағы уақытта дәрігерлердің кеңесін тұрақты орындап, бақылауда болуы тиіс.

Шымкент қаласы бойынша биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету жоспарланған. Ауруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде және бүйрек, бауыр трансплантациясы мен басқа да ауруларда қымбат бағалы күрделі ота түрлері жасалуда.

Айта кетейік, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны да артқан. Шымкент қаласында 2022 жылы 130 ұйым қызмет көрсеткен болса, бүгінгі таңда 190 медициналық мекеме қызмет көрсетуде.  Оның 34-і мемлекеттік, 156-сы жекеменшік медициналық ұйымдар.

Шымкент қаласы бойынша амбулаторлық деңгейде 14 мемлекеттік емхана және 44 жеке меншік медициналық орталықтар қызмет атқарады. 2021 жылмен салыстырғанда, емханалардың орташа жүктемесі 31 мыңнан 22 мыңға азайған.  Ауруханалардың төсек орын саны 3989-дан 4793-ке артқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *