ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкентке іссапармен келді. Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен, қоғам өкілдерімен кездесті. Келелі кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жолындағы міндеттер сөз болды. Қаланың дамуында Сенаттың ықпалы және Палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды.
Іс-шарада Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Әділетті Қазақстан құру, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолында кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы белгіленген міндеттерді орындау барлық мүдделі тараптың белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді.
Кездесу барысында мегаполистің дамуы, өзекті мәселелері, нақты айтқанда, инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу барысы талқыланды. Аталған проблемалардың оң шешімін табу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де сөз болды.
«Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды және мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», – деді Мәулен Әшімбаев.
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласында аз уақытта оңды өзгерістер бар екенін мәлімдеді. Алайда, шешілмеген мәселе де жоқ емес. Қаржыға келіп тірелетін кейбір мәселелерді қойын дәптеріне түртіп алды.