Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері және «Jasyl el» еңбек жасағы бірлесе отырып, «Таза Қазақстан» акция аясында «Қошқар ата» өзенінің бойында тазалық жұмыстары жүргізілді. Тазалық шарасына Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, «Jasyl el» еңбек жасағы және қаланың ерікті 150-ге жуық жастары қатысты.
Акция аясында көшелерді қоқыс қалдықтарынан тазартып, ондағы ағаштарды түптеу, көше бойларын сыпыру мен қураған ағаштарды қырқу, орындықтарды бояу сынды жұмыстарды жүргізді.
Тазалық жұмыстары Бадам өзенінің бойында да жалғасын тапты. Акцияға «Amanat» партиясының қызметкерлері, ардагерлер, Жастар Рухы, «Jasyl el» еңбек жасағы және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. 300-ге жуық адам 2 шаршы шақырым жерді тазалап, 1 тонна қоқыс шығарды. Бұл жұмыс аймақтың өзге аудандарында да жалғасын таппақ.
Тұран ауданы Қоғамдық орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Балғанов игі іске жастар белсенді қатысып жатқандығын айтады.
– Бұл акция ресми және бір реттік емес, тұрақты және жалпыұлттық түрде өтуде және әр аптаның бейсенбісі тазалық күні деп жоспарланған. Акция жаңа экологиялық ойлауды, халықтың экологиялық мәдениеті мен мінез-құлқын құруды, жаңа экологиялық әдеттердің пайда болуын бастауға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаға саналы көзқарасты қалыптастыруды және оны сақтаудың маңыздылығын түсінуді қамтиды. Жаз мезгілінде күннің ыстығына қарамастан, жастар жағы белсенді түрде жұмыс жасауда,-дейді Дәурен Балғанов.
«Amanat» партиясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акцияны әр бейсенбі сайын ұйымдастырып келеді. Мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Айта кетейік, бұл тазалық акциясы жыл соңына дейін өз жалғасын табады.