Жетісайлық шаруалардың негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты. Ол үшін өнімге дер кезінде ағын су мен минералды тыңайтқыштардың жеткізіліп, күтіп-баптау жұмыстары да уақытылы жүргізілуі тиіс.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» машиналық әдіспен су көтеру каналында болып, биылғы дайындық жұмыстарымен танысты. Алдағы уақыттарда кездесуі ықтимал кедергілер мен қиындықтарды талқылап, алдын алу шараларын сөз етті.
2023 жылы ағын су лимиті 663 млн текше метрді құраған ауданның шаруалары нақты 542,592 млн текше метр су алған. Оның 470,521 млн текше метрі «Достық» магистралды каналы арқылы алынса, 72,071 млн текше метрі машиналық әдіспен су көтеру каналы арқылы жеткізілген. Өткен жылы машиналық әдіспен су көтеру каналының 5 насосы жұмыс істесе, бүгінгі күні 10 насос жұмысқа жарамды.
Биылғы лимиті 663 млн текше метр суды құрайды. Бүгінде аудан шаруалары секундына 324,514 текше метр су алып, 2248 гектар алқапты суғарып үлгерген. Шілде айынан бастап «Достық» магистральды каналы арқылы көршілес елден келетін ағын судың көлемі 50 текше метрге жеткен.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы жауапты сала басшыларына ауданда орналасқан 778 каналдың, соның ішіндегі республикалық меншіктегі 604, коммуналдық меншіктегі 162 және жекеменшіктегі 12 каналдың шаруаларға қажетті ағын судың дер кезінде ысырапсыз жеткізілуін қатаң бақылауды тапсырды.