Сауран ауданы Шорнақ ауылдық округінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Елді мекен тұрғындары ішкі жол бойын қоқыстан тазартты. Сенбілік жұмысына 30 адам қатысып, 2 тонна қоқыс жиналды. Оған 2 техника жұмылдырылды.
«Таза Қазақстан» Республикалық акциясы сырлы Созақ ауданында да өз жалғасын тапты. Созақ ауданы бойынша барлық ауылдар мен елді мекендерде жалпыхалықтық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары атсалысып, аялдамаларды, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ пен арық бойларына тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ әр мекеме қызметкерлері Шолаққорған ауылында орналасқан “Жастар саябағына” жұмылдырылып, саябақ аумағын абаттандыруға атсалысты. Акцияға қатысушылар аяқ жолдарды ретке келтірді. Қураған шөптерді отап, тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Сенбілікке екі мыңға жуық адам мен 16 арнайы техника жұмылдырылды. 35 шақырым көше бойлары мен 18 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 18 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 78 тоннаға жуық қоқыс тасымалданды.
Қазақ рухының қағбасы саналатын Ордабасы ауданында да ауқымды сенбілік өтті. Сенбілікке аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің қызметкерлері, жастар белсене қатысып, Арыс өзеннің жағалауын қоқыстардан тазартты. Акция ауылдық округтерде де жалғасып, жолдардың бойларында, өзендердің, тастақтардың жағалауларында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұл шара жолда жүрген жүргізушілер мен жолаушылар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға және жол жиегінің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.