Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 11 дерегі анықталған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен Түркістан облысы аумағындағы жер қойнауын пайдану мәселелері бойынша мәжілісте мәлім болды.
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз қазып жатқандарға қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Соңғы 6 ай ішінде 272 рейдтік жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 218 жүк көлігі айыптұраққа қойылып, 19 110 900 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
2023 жылы маркшейдер маманымен облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары қолға алынған болатын. Нәтижесінде жалпы 63 кен аумағынан кемшілік анықталып, кен орындары аумақтарынан тыс қазылғаны белгілі болған.
Қазақстан Республикасының Бас прокурорының «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жүргізу туралы бұйрығына сәйкес, Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы ретте, 14 жер қойнауын пайдаланушы облыстық бюджетке 9.2 млн. теңге өтеді және жер қойнауын өндіру аумақтарынан тыс қазылған аумақтарды қайта қалпына келтіру бойынша кепілхат берді.
Ал маркешейдер қорытындысымен келіспеген жер қойнауын пайдалануышы компаниялардан келтірілген залал шығындарын сот арқылы өндірту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда, 32 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты компаниялардың тіркелген аумақтары бойынша экономикалық сотқа талап арыз жолданды.
Бүгінгі таңда облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 195 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 111 лицензия негізінде жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан.