Шикізатқа тәуелділіктен арылудың бір жолы – экономиканы әртараптандыру. Бұл дегеніміз – өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құру. Инвестиция тарту.
Бұл апта Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Guyi Holding Company» құрамына кіретін компания өкілдері үш меморандумға қол қойды. Маңызды келісімдер мегаполис басшысының Сиань қаласына сапарының нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Қос тарап шаһарда электромобильдер шығаратын зауыт құрылысы және ағын суларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін цифрлық жабдықтар шығаратын зауыт салу туралы алдын ала келісімдерге қол жеткізді. Сондай-ақ қаланы көріктендіруге бағытталған жобаларды әзірлеу және қолданысқа енгізу туралы меморандумға қол қойды.
Жуырда қала әкімі инвесторларды аумағында электромобильдер шығаратын зауыт құрылысы жоспарланып отырған «Жұлдыз» индустриалды аймағымен таныстырды. Ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған.
Бұл меморандумдар тек Шымкентте ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында да электромобиль өндірісін дамытуға септігін тигізетін стратегиялық маңызды қадам саналады. Қала басшысы инвесторларға сенім білдіргені үшін алғыс айтып, әкімдік тарапынан тиісті қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.
Қазір Шымкентте 5 өндірістік алаң ұмыс істеп тұр. 400-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Қалада шамамен 800 орта және ірі тауар өндіруші тіркелген. Бұйырса, бұл сандар еселене түседі. Инфрақұрылым тартылған арнайы экономикалық аймақтар инвесторларды магниттей өзіне тартып жатыр. Бұл салаға бюджеттен бөлінген 1 теңге 20 теңге болып кері қайтуда. Қаланың 5 халықаралық дәлізде орналасуы Шымкентке көлік-логистикалық хаб атануына мүмкіндік беруде. Оған еңбекқор халқы мен ерекше табиғаты да септігін тигізіп отыр.
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі