Елімізде «Taza Qazaqstan» платформасы іске қосылды. Енді еліміздің әрбір азаматы өзінің тұрғылықты жері бойынша экологиялық проблемалар туралы хабарлай алады.
Таза Қазақстан ауқымды акциясы аясында өтінім беру сервисі Түркістан облысында сәтті жұмыс істеп тұр. Өтінімдер @TazaQazBot telegram-бот арқылы қабылданады. Жұмыс алгоритмі бойынша операторларға түскен өтінімдер санаттарына сай әкімдік қызметкерлеріне, яғни орындаушыларға жолданады.
Жұмыстың орындалу мерзімі – 3 жұмыс күнінен 14 күнге дейін. Орындаушы атқарылған жұмыстарды фотоға таспалап, платформаға жүктейді. Өтініш иесіне жауап сол мезетте telegram-бот арқылы түседі. Осылайша, тұрғындармен кері байланыс орнатылады. Қиын емес. Сіз де жолдап көріңіз!
Қазіргі уақытта жүйеге жалпы 216 өтінім түсіп, оның 74-і орындалған. Қалған өтінімдер мағынасыз әрі сапасыз болғандықтан, кері қайтарылыпты. Жүйе жұмысын оңтайландыру мақсатында жүйені әзірлеушілермен бірге күнделікті тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге облыстың барлық аудан, қала әкімдерін жүйеге енгізіп, оқыту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Жауапты сала мамандары арқылы апта сайын аудан, қала аумақтарының тазалығына мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы екі ай ішінде басқарма мамандарымен аудан, қалаларда 757 қоқыс орны анықталып, соның ішінде 718-і тазаланды. «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ тарапынан 2024 жылы 41 заңсыз бейберекет қоқыс орны анықталып, бүгінгі таңға 24 орын толығымен тазаланып, жұмыстар өз жалғасын табуда.
Айта кетейік, Түркістан облысында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 807 елді мекенде сенбілік өткізілетін болады. Бүгінгі күнге дейін 133 елді мекенде сенбіліктер өткізіліп, 763,7 тонна қоқыс шығарылды. Бұл шараға 21 604 тұрғын, 261 техника тартылды. Бұдан бөлек, әр аптаның сенбі күні жаппай сенбіліктер ұйымдастырылуда.