Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет. Мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек.
Түркістан өңірінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Шардара ауданында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Шардара-Жетісай бағытындағы 30 шақырым жол бойы ретсіз жатқан қоқыстардан тазартылды. Шараға 300-ге жуық адам мен 4 техника жұмылдырылып, 7 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында да ауқымды істер атқарылуда. Ауданға қарасты Құркелес, Жартытөбе ауылдық округтері мен Сарыағаш қаласының тұрғындары жол жиегіндегі бағана мен тал түптерін әктеу, ағаштарды ретке келтіру, қоқыстарды жинау, шөптерді ору жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар, жасыл желектер суғарылып, түптері қопсытылды. Жалпы 100-ге жуық тұрғын сенбілікке қатысып, 2 техника тазалық жұмыстарына жұмылдырылды.
Түркістан облысында тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, тонна-тонна қоқыс жиналып жатқанын айттық. Бірақ, өңірде көрінген жерге қоқыс тастайтындар да азамай тұр. Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері 21 382 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.
Оның ішінде 13 220-сы жалпы пайдалану орындарының ластануы, 5382-сі абаттандыру ережелерін бұзу болса, 3570-і – жол жамылғысының ластану фактілері. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданып, әкімшілік хаттама толтырылған.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару, азаматтардың табиғатқа ұқыпты қарауын қалыптастыру, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау. Бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасады.