Шымкентте №1 қалалық клиникалық аурухана базасында 221- ші бүйрек трансплантациясы өтті. Науқастар ерлі—зайыпты. Бүйрегін берген донор — әйелі. Ал күйеуі рецепиент.
Ер кісі 1 жылдан бері созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұрған. Гемодиализ аппаратына тәуелді болған.
Дәрігерлер ағза алмастыру отасы кезінде 1975 жылғы ер азаматқа әйелінің бүйрегін хирургиялық жолмен салып берді. Ота сәтті өтті. Медицина қызметкерлері ерлі — зайыптыларға жасалған отаның сәтті өткенін, екі пациенттің де жағдайы жақсы екенін жеткізді. Бүйрегін алмастырған науқастар бүгін үйіне шығарылды.
«№1 қалалық клиникалық ауруханада кезекті бүйрек трансплантациясы отасы өтті. Операция тірі донорда жасалды. Ол реципиенттің әйелі. Науқас 1 жылдан бері гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Отадан кейін «жасанды бүйрек» қызметі қажет болмайды. Науқастың өмір сүру сапасы жақсарады деп күтілуде», – деді хирургия бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байтеміров.
Күрделі отаны бастан өткерген науқас дер кезінде әрекет етіп, өзін ажалдан арашалап қалған ақ халаттыларға алғысын білдірді.
«Бір жыл бойы гемодиализде жүрдім. Осы №1 қалалық клиникалық ауруханада бүйрек ауыстыру отасын жасады. Жұбайым донор болды. Құдайға шүкір, қазір жағдайым жақсы. Бірер күнде үйге шығамын. Дәрігерлерге көп рақмет», – деді реципиент Ерлан Асқаров.
Бүйрек және бауыр алмастыру отасының құны 6-10 миллион теңгені құрайды. Биыл Шымкентте донорлық трансплантология әдісімен 1 бауыр және 3 бүйрек ағзасын ауыстыру отасы сәтті жасалды. Қалалық №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлер құрамы науқастарға үміт пен сенім ұялатқан жоғары технологиялы медициналық көмектің барлығын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетуде.