Түркістан облысы Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Сенбілікке ауданға қарасты 12 ауылдық округінен 400-ден аса адам қатысты. Барлық ауылдық округте тазалық жұмыстары жүргізілді.
Тазалық акциясына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысты. Сондай-ақ, аудан басшысы тазалық жұмысының барысымен танысу үшін Жүйнек ауылдық округінің аумағын арнайы аралап көрді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негізінде аудан көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауқымды түрде жүзеге асып келеді. Бүгінгі сенбілікке 10-ға жуық техника және 400-ден аса адам күші жұмылдырылды. Тазалықты сақтау — әрбір азаматтың негізгі міндеті. Ауданымыз, ауылымыз өзімізге керек. Туған өлкемізді өзіміз таза ұстап, аялауды қолға алуымыз қажет. Тұрғындар да ауқымды жұмыстарымызға тазалықты сақтау арқылы үлес қосса дейміз», — деді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.
Мемлекеттік мекеме қызметшілері мен ақылы қоғамдық жұмысшылар, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, ауыл ақсақалдары, коммуналдық мекемелер, жастар және аудан тұрғындары атсалысқан тазалық акциясында 60 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілік жұмыстары алдағы апталарда да тұрақты өз жалғасын табатын болады.
Шағалалы Шардара ауданында да «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Облыстық маңызы бар Шардара-Келес бағытындағы 17 шақырым жол бойы ретсіз жатқан қоқыстардан тазартылды. Сенбілікке Көксу, Қ.Тұрысбеков және Жаушықұм ауылдық округтерінен 100-ден астам қоғамдық жұмысшылар, 3 техника тартылды. 6 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.