Бір кездері Кеңес одағына танымал болған Түркістан облысындағы Түлкібас ауданының алмасы бүгінгі таңда қайта жандануда. Тіпті осы өңірдің брендіне айналдыру жұмыстары жүргізілуде.
Түлкібас ауданындағы алма баулардың көлемі 3 мың гектарды құраса, соның 700 гектардан астамы – қарқынды бау. Биыл ауданда тағы 55 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілген қарқынды алма бауы егілді.
Бағбандармен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданындағы Шақпақ ауылдық округінде «Кен-Тау» ЖШС қарқынды алма бауында болды.
Серіктестіктің директоры Қайрат Садықовтың айтуынша, алма көшеттері арнайы Түркиядан алдырылған. Тамшылатып суғару әдісін қолдану арқылы 30 гектар жерден 7 тоннаға жуық өнім алуда. Өндіріс орнында 150-200 адам жұмыс істейді. Алма бауында су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 6 мың тонна өнім жиналған. Түлкібас алмасы Қазақстанның барлық аумақтарына жеткізіледі. Сондай-ақ көрші Өзбекстан мен Ресейде сұраныс артқан.
Айта кетейік, «Кен-Тау» ЖШС-нің қарқынды алма бау көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың күрт көтерілетініне байланысты алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап отыр. Осылайша ол қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін Түлкібастың экологиялық таза алмасын саудаға шығармақ.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштары 17,9 мың гектарға (15,4 мың га алма, 0,6 мың га алмұрт, 1,1 мың га өрік, 0,6 мың га шие, 0,5 мың гашабдалы, 1,2 мың га қара өрік, 0,3 мың га жидек ағаштары) оның ішінде: 5,4 мың гектар қарқынды алма бауы орналастырылған. Бұл Республикадағы жеміс-жидек ағаштарының 43% құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баулардан 300-350 центнерден өнім жиналды.
Қарқынды баулардың негізгі бөлігі Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам аудандарында орналасқан. Өткен жылы жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштарынан 116,9 мың тн (95,8мың тн алма, 3,6 мың тн алмұрт, 7,4 мың тн сары өрік, 4,2 мың тн шие, 2,4 мың тншабдалы, 3,3 мың тн қара өрік, 1,8мың тн жидектер) өнімі жиналды. Бүгінгі күнге 26,0 мың тн Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан елдеріне экспортталды.