Түлкібас ауданының туристік-рекреациялық ресурстарын дамытып, заманауи демалыс аумақтарын салуға күш салынуда. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Дархан Сатыбалды бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Туризм аумағын әрі демалыс, әрі табыс көзіне айналдыру үшін жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Өңірде 36 туристік нысан жұмыс істейді. Атап айтқанда, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақ пен туристік базалар, 4 киелі аймақ және 3 қонақ үй келушілерге қызмет көрсетеді.
Туризм бағыты бойынша алдағы 3 жылда 13,4 млрд. теңгеге 5 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде, «Ақcу Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенін қайта құрылымдау және «Түлкібас саясы» ЖШС-нің қолданыстағы емдік сауықтыру орталығын кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Ақcу Жабағылы» ОСК» ЖШС арқылы 400 орындық оңалту сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынады. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Патсаев. К» және «Боташов Б» демалыс орындары ашылмақ.
Сонымен қатар туризм саласын дамыту мақсатында аудан аумағынан 80 га жерге спорт, мәдени, емдік-сауықтыру бағытында Иірсу, Жабағылы рекреациялық аймақтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аймақта киіз үйлер қалашығын, коттеджді қалашықтар, қонақ үйлер, ойын-сауық орындары, жабық спорттық залдар, ашық спорт алаңдарын және тағы басқа нысандар орналастыру үшін жер телімдері ұсынылатын болады.
Жобалар толық іске қосылғанда, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, төсек-орын саны қосымша 640 бірлікке артып, салық түсімдері ұлғаяды деп күтілуде.