Шардаралықтар «Таза Қазақстан» республикалык экологиялык акциясы аясында сенбілік ұйымдастырды. Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан “Тың игерушілер” саябағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Тазалық шарасына мемлекеттік мекемелер, аудан ақсақалдары, ауыл билері, қоғам белсенділері, жастар, мешіт жамағаты және тағы да басқа ұйымдарды қосқанда 100-ден астам адам қатысты.
Сондай-ақ, аудан өнерпаздары ән айтып, тазалық шарасына қатысушылардың көңілін көтерді.
Сарыағаш ауданында да тазалық шарасы өтті. Мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен еріктілер таңғы сағат 08:00-ден бастап тазалық жұмыстарын жүргізді. Сенбілікте республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойына бей-берекет тасталған күл-қоқыстар шығарылып, арық-атыздар тазартылды.
Созақ ауданында «Таза Қазақстан» шарасы аясындағы жұмыстардың қарқыны күн санап артып келеді. Қарақұр ауылдық округіне қарасты Раң ата елді мекенінің тұрғындары «Таза Қазақстан» шарасы аясында сенбілік ұйымдастырды. Тазалық жұмыстары кезінде ауылдың айналасы мен ішкі көшелері ретке келтірілді. Күре жолдың бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. 2 арнайы техника жұмылдырылды. Тазалыққа 70-ке тарта тұрғын атсалысты. Ауылдың 3 шақырымнан астам ішкі көшелері тазартылып, 3 тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға мекеме қызметкерлері, ардагерлер ұйымы және қоғамдық ұйым мүшелері мен белсенді жастар мен елді мекен тұрғындары қатысты.