Түркі әлемінің туристік астанасы атанған киелі өңірде ірі туристік жобалар қолға алынады. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы және басқа да туристік қызметтер талқыланды.
Облыс басшысы туризм саласын қысқа уақытта жандандыруды, кемшіліктермен жұмыс істеуді сөз етті. Сонымен қатар аудан, қала әкімдеріне киелі нысандардың тазалығын сақтауды тапсырды.
«Біздің облысқа туристерді тартудың бірден бір жолы, оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсете алу деп ойлаймын. Бұл біздің ең бірінші міндетіміз болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтыруымыз керек. Маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажет. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдарды ұсыныңыздар. Сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер», – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов туризмді дамыту туралы баяндама жасады. Оның айтуынша аталған салаға жан-жақты талдау жүргізілген. Сонымен қатар отандық туризм мамандары мен сарапшылардың ұсыныстары тыңдалып, бірқатар жобалар жоспарланып отыр.
Жалпы жыл басынан бері өңірге 15 мың шетелдік турист келген. Ал жалпы келушілердің арасында жүргізілген сауалнамада басым көпшілігі қызмет сапасы мен әжетханаға шағым жасаған.