Сауран ауданында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында көгалдандыру және тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Ауданға қарасты 12 ауылдық округінде және білім бөліміне қарасты 42 мектеп өз аумақтарында жаппай сенбілік жұмыстарын жүргізді.
Акция аясында әктеу сырлау, арық-атыздары тазалау жұмыстары қатар атқарылуда. Оған аудан тұрғындары, белсенді жастар мен еріктілер де қатысуда.
Сенбілікте ауылдық округтердегі көше бойлары тазаланып, ретсіз өскен бұталар алынып, талдардың түптері әктелді. Аяқ жолдар тазаланып, саябақтар және скверлер ретке келтірілді. Көпірлерді, өзендердің, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды. Жалпы сенбілік, тазалық жұмыстарына 828 адам қатысып, 5 техника жұмылдырылды. Сенбіліктің нәтижесінде 41 тонна қоқыс шығарылды.
Созақ ауданында да «Таза Қазақстан» шарасы аясындағы жұмыстардың қарқыны күн санап артып келеді.
Қарақұр ауылдық округіне қарасты Раң ата елді мекенінің тұрғындары «Таза Қазақстан» шарасы аясында тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, шараға көмек қолын созуға ниетті екендерін білдіруде.
Тазалық жұмыстары кезінде ауылдың айналасы мен ішкі көшелері ретке келтірілді. Күре жолдың бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. 2 арнайы техника жұмылдырылды. Тазалыққа 70-ке тарта тұрғын атсалысты. Ауылдың 3 шақырымнан астам ішкі көшелері тазартылып, 3 тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды.