Шымкентте «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Оған ынтымағы мен татулығы жарысып, көпке үлгі болып жүрген 200-ге тарта отбасы қатысып, көптің ортасынан үздіктері әйгіленді.
Биыл байқауға қаладан 183 отбасы қатысып, ақтық сында — 20 отбасы бақ сынады. Жеңімпаздарды арнайы құттықтауға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты.
— Отан — отбасынан басталады. Ұлттық байқау отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп келеді. Ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізіліп жүрген шараға қатысуға ниет етушілердің көптігі көңіл қуантады. Мемлекет — отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Берекесі жарасқан, құтты шаңырақ иелерін мерейлі жеңістерімен құттықтаймыз,- деді Сәрсен Абайұлы.
«Мерейлі отбасы» байқауында бұл жолы 183 отбасы бақ сынады. Олардың барлығы да елге қадірлі, көпшілікке сыйлы, еңбегі ерен жандар. Екінші кезеңге бұл отбасылардың 20-сы іріктеліп шықты. Олардың барлығы алғыс хатпен марапатталып, сыйлыққа теледидар алды.
-Түрлі қоғамдық ұйым өкілдері, сала мамандарынан 18 адам комиссия мүшесі болды. Соның ішінен іріктеліп, өсіп-өнген, түрлі салаларға балаларын тәрбиелеген, одан бөлек еңбек династиялары саналатын отбасылар қатысты,-деді байқауды ұйымдастыру тобының мүшесі Сәбира Байзақова.
Байқау нәтижесінде, Сыдықовтар отбасы үздік деп танылып, Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Енді олар республикалық байқауға Шымкент қаласы атынан қатысып, бақ сынайды.