Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Туған ел. Туған жер. Осы екі сөзде ғана қаншама ой,мағына жатыр. Туған жердің қадірін әркім әрқалай түсінетін шығар. Туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңді,өз шаңырағыңды таза ұстаудан басталады.
Сайрам ауданында қоршаған ортаны қорғау, оның экологиялық тазалығын сақтау мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде сенбілік өтті.
Тазалық жұмыстарына аудан әкімдігінің, ауылдық округ әкімдіктерінің, дербес бөлімдердің, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен ерікті жастар, жалпы 750-ге жуық адам атсалысты. Әрқайсысы өздеріне тиесілі аумақтарға тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталған сенбілік жұмыстары аясында республикалық, облыстық маңызы бар автожол жиектері, ішкі көшелердің бойы, саябақтар мен мәдени-тарихи орындар, сауда орындары мен базарлар, арық-атыздар, өзен маңдары бейберекет тасталған күл-қоқыстардан, шөп-шаламдардан тазартылды. Мекеме мен кесене аулаларындағы гүл көшеттерінің түптері қопсытылып, суғарылды. Сондай-ақ, кейбір кеңселердің қасбеттері, қираған қоршаулары сырланып, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, тұрғын үй аулаларының алдындағы қураған ағаш бұтақтары қырқылды.
Көшелерді күтіп-таза ұстау және қоршаған ортаны қорғай отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған сенбілік жұмыстары барысында 23 техниканың көмегімен 14,6 тонна қоқыс арнайы аумаққа тасымалданды.