АУДАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ҮШ БІРДЕЙ СПОРТТЫҚ НЫСАН АШЫЛЫП, ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҰСЫНЫЛДЫ

Созақ ауданында  25 қазан – Ұлттық мереке Республика күні қарсаңында үш бірдей кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңы ашылып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды.


«Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен салынған спорт алаңының бірі Таукент кентінде, екеуі аудан орталығындағы «Теріскей» саябағы мен Наурыз мөлтек ауданынан ашылды.

Спорт нысандарының ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шараға жиналған тұрғындарды құттықтап, жаңа нысанның маңыздылығын атап өтті.

-«Бүгін біз ауданымыздың даму жолындағы маңызды қадамды атап өтудеміз. Спорт – тек денсаулықтың кепілі емес, сонымен қатар, ұлттық бірлік пен татулықты нығайтудың негізі. Бұған дейін аудан аумағындағы өндіріс орындарының демеушілігімен көптеген жобаларды іске асырдық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жандана түспек. Бұл бойынша нақты жобаларымыз бар. Мақсатымыз айқын. Демеушілерден бөлек жергілікті бюджет есебінен жабық ойын алаңдары бой көтеруде және біз барлық округтерді қамтуды жоспарлап отырмыз. Жастарымыз жаңа алаңда жаттығып, үлкен спорттық жетістіктерге жетеді деген сенімдемін», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ашылған спорт алаңдары – біздің ауданымыздың әлеуетін арттырудың бір бөлшегі екенін атап өтті. Шараға жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Katco» БК ЖШС бас инженерінің орынбасары Нұртай Нұржанов -«Біздің компания үшін әлеуметтік жауапкершілік – маңызды басымдық. Бүгінгі спорт алаңдарының ашылуы – қоғам алдындағы міндетімізді орындау. Біз алдағы уақытта да жастардың салауатты өмір салтын таңдауына жағдай жасап, өзімізге ұсынылған жобаларды тұрақты түрде орындауға және әлеуметтің алдындағы жауапкершілікті адал атқаруға әзірміз», – деді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов бастаған ауыл қариялары мен еңбек ардагерлері ізгі тілектері мен ақ баталарын арнады.

Айта кету керек, аудан әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында бірлескен жұмыстарды тұрақты түрде атқарып келеді. Осы уақытқа дейін аудандағы ауылдық округтер мен кенттерде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындар бірнеше «Street Workout» және балалар ойын алаңы мен әлеуметтік нысандар ашып, көше жарықшамдарын орнатуда.

Бүгін «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен салынған жаңа спорт нысандары аудан тұрғындарының, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын таңдауына серпін берері сөзсіз. Бұл алаңдар тек спортпен айналысуға арналған орындар ғана емес, ауыл жастары арасында достық, ынтымақтастық және командалық рухтың нығаюына да мүмкіндік туғызары анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *