Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығында «Жасыл ел» жастар ұйымының мүшелері мен белсенді жастар бас қосты. Жиынға 17 аудан-қала жастар орталықтарының басшылары «ZOOM» желісі арқылы қосылды. «Жасыл ел» мүшелері биылғы жылға арналған жоспарды талқылады.
Жоспар бойынша, түркістандық жастар Наурыз айынан бастап ағаш және гүл көшеттерін отырғызуға қатысады. Сонымен қатар, орман және көгалдандыру мекемелерімен меморандум жасалады. Еңбек жасақтарының белсенділігін арттыру мақсатында «Жасыл ландшафт», «Үлгілі ауыл», «Туған жер», «Үздік түлек» байқаулары ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, тұрғындардың экомәдениетін қалыптастыру мен қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған жобалар қолға алынбақ.
Облыстық Жастар ресурстық орталығы мен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясының бастамасымен «Бұл сенің туған өлкең» акциясы ұйымдастырылып, 1000 жас қатысатын экологиялық акция өтеді.
Қазіргі таңда өңірде «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмыс істейтін жастардың саны 1300-ден асады.