Биыл Қостанай қаласында Оңтүстік Кореялық KIA автокөлік зауыты іске қосылады. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 70 мың автокөлік шығаруға есептелген. Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті (ҚӨУ) мен Оңтүстік Кореяның Dong-Eui University арасындағы академиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілуде.

Оқу жылының басында қос университет арасында қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша келісімге қол қойылған болатын.
– Қыркүйек айынан бастап біз автомобиль инженериясы бағыты бойынша қос диплом бағдарламасын іске асырамыз. Студенттер алғашқы үш семестрін Қостанайда оқиды, ал келесі үш семестрді Кореяда жалғастырады. Кейін тәжірибеден өту үшін Қостанайға оралады. Біз Қазақстанның болашағына сенеміз және автомобиль өнеркәсібін дамытуға үлес қосатын жаңа буын мамандарын дайындаймыз деген үміттеміз, – деді Dong-Eui University халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ли Им Гон.
Қазіргі таңда ҚӨУ-дің бес студенті Пусан қаласындағы Dong-Eui University-де білім алып жатыр. Бұл – Оңтүстік Кореядағы ең көне жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі. Dong-Eui University машина жасау саласында ауқымды тәжірибеге ие және Hyundai автокорпорациясымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
-Біз қазір гидромеханика, жасанды интеллект және автомобиль бөлшектерін жобалау (capstone design) пәндерін оқып жатырмыз. Бұл пәндер біздің болашақ мамандығымыз үшін аса маңызды дағдыларды қалыптастыруға көмектесуде,-деді ҚӨУ студенті Дияр Сертаев.
2023 жылы ҚӨУ мен Dong-Eui University арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, биыл осы құжат аясында үшінші лег студенттері Оңтүстік Кореяда оқып жатыр. Бағдарлама аясында қостанайлық студенттер кәсіби білім алып, өндірістік тәжірибеден өтіп, корей тілін меңгеруде. Бұған дейін бағдарламаға қатысқан студенттер қазіргі таңда Қостанайдағы автокөлік кластері кәсіпорындарында еңбек етіп жүр.