Қазақстанның арнайы күштері «Анадолы-2025» оқу-жаттығуына қатысуда

Қазақстанның арнайы күштері Түркияда өтетін «Анадолы-2025» халықаралық оқу-жаттығуларына қатысуда,-деп хабарлайды Bozyq.kz Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылғы 1 шілде күні Түркия Республикасының аумағында «Анадолы-2025» халықаралық оқу-жаттығулары басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерінің жеке құрамы қатысып жатыр.

Оқу-жаттығу Түркия Қарулы Күштерінің ұйымдастыруымен өткізіліп, оған Әзербайжан, Пәкістан, Өзбекстан және өзге де мемлекеттерді қоса алғанда, барлығы 33 елдің әскери қызметшілері тартылған.

Жаттығудың негізгі мақсаты – арнайы мақсаттағы бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру, заманауи әскери іс-қимыл тәсілдерін жетілдіру және жауынгерлік тәжірибе алмасу.

Белсенді кезең барысында қазақстандық арнайы жасақтың жауынгерлері қалалық жағдайда жүргізілетін операцияларды, жараланғандарды шұғыл эвакуациялауды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану әдістерін және парашютсіз десант түсіру тәсілдерін пысықтайды.

«Анадолы-2025» оқу-жаттығуларына қатысу қазақстандық әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жетілдіріп қана қоймай, халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосады. Сонымен қатар, мұндай ауқымды оқу-жаттығулар жауынгерлердің жауынгерлік дайындық деңгейін бағалауға және ерекше жағдайларда іс-қимыл жасау қабілеттерін арттыруға мүмкіндік береді.

Оқу-жаттығу 2025 жылғы 3 шілдеде аяқталады деп жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *