ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлерінің отырысы өтті

Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Жиынға ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері қатысты. 

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне қатысты Қазақстанның ұстанымы мен көзқарастары туралы хабардар етіп, ұйымды жан-жақты әрі одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын айтты.

Басқосуда  сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық пен өңірлік жағдай және оның Ұйымға мүше мемлекеттерінің қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алмасты.

Кездесуге қатысушылар ҰҚШҰ-ның ТМД мен ШЫҰ-мен көпжоспарлы ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша терроризм мен экстремизмге әкелетін радикалдануға қарсы іс-қимыл туралы, халықаралық ақпараттық қауіпсіздік туралы,Таяу Шығыстағы ахуал туралы, сондай-ақ Алматыда орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығы туралы бірлескен мәлімдемелер қабылданды.

Іс-шара бағдарламасы аясында М.Нұртілеу СІМК қатысушыларының Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен ұжымдық кездесуіне қатысты.

Сұхбат барысында қазақ дипломаты Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы екі ел көшбасшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында жыл сайын нығайып, бүгінде сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ол сондай-ақ ағымдағы жылы ҰҚШҰ-дағы Қырғыз Республикасының басымдықтарының өзектілігіне назар аударды.

Айта кетейік, 2025 жылы ұйымға Қырғызстан төрағалық етеді. Келесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы 2025 жылдың төртінші тоқсанында, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қарсаңында Бішкек қаласында өтетін болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *