Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күнімен құттықтады:

– Домбыра – ұлттың болмысы, халықтың қазынасы. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөз бекер айтылмаған. Қуантатыны – өскелең ұрпақтың қасиетті қара домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастарымыз төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрге құрметпен қарайды. Бұл – қуанышты әрі маңызды үрдіс. Себебі ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын сақтау – шынайы отансүйгіштіктің белгісі. Ал Отанға деген сүйіспеншілік – мемлекеттіліктің мызғымас тірегі. Қазақстан жастары мұны терең түсініп, қолдайтынына ризамын. Мемлекет руханиятты дамыту жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Дәстүрлі өнердің көрнекті өкілдері – Қайрат Байбосынов «Қазақстанның Еңбек Ері», Айгүл Үлкенбаева мен Айгүл Қосанова «Қазақстанның халық әртісі» атағына ие болды. Қасиетті домбыраның күмбірін әлемге танытып жүрген барша өнер иелеріне алғыс айтамын, – деп жазды Президент өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күні шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді.