Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға сапарын Ататүрікке тағзым етуден бастады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына ресми сапары Мұстафа Кемал Ататүріктің Анытқабірдегі кесенесіне барумен басталды. Мемлекет басшысы ұлы қайраткердің рухына тағзым етіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Гүл қою рәсіміне ресми делегация да қатысты. Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың нығая беретініне сенім білдіріп, түрік халқына өсіп-өркендеу тіледі.

Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның жетекші компанияларының басшыларымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен кездесуде Түркістан, Астана және Петропавлда көпбейінді ауруханалар салу жобалары, сондай-ақ Астанадағы өндіріс кешенін кеңейту және Ақтауда мультимодальді транзит хабын құру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы компанияның инвестициялық бастамаларын жоғары бағалады.

S Sistem Lojistik компаниясының төрағасы Хусейн Барлинмен кездесуінде Ақтөбеде халықаралық логистика орталығын құру жобасы және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар сөз болды. Жоба «Қазпоштамен» бірлесіп жүзеге асырылады. Компания алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент пен Ақтауда да логистика инфрақұрылымын дамытпақ.

Tiryaki Holding атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлымен кездесу кезінде Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салу жобасы талқыланды. Сондай-ақ қойма инфрақұрылымын цифрландыру, элеваторларды жаңғырту мәселелері қаралды.

Orzax Group басқарма төрағасы Селман Алимоғлымен кездесуде Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салу жөніндегі жоба таныстырылды. Компания 40 млн доллар инвестиция салып, 500 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Мемлекет басшысы бұл бастаманың фармацевтика саласына оң ықпал ететінін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде Қазақстанға жалпы сомасы 160 млрд теңге болатын түрік инвестициясы тартылмақ. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, көлік-логистика саласында бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асады. Ақтөбеде жаңа халықаралық логистика хабы ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нақты инвестициялық жобалар арқылы тереңдетуге жол ашты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *