Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді

Түркия Республикасына ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтінде Мемлекет басшысының кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды.

Қазақстан Президентінің кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы сап түзеп, зеңбіректерден 21 дүркін оқ атылды. Бұл — Түркия тарапынан Қазақстанға деген айрықша ілтипаттың белгісі еді.

Мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің барлық бағыттарын талқылады. Сауда-экономика, инвестиция, мәдени-гуманитарлық байланыстар, қорғаныс өнеркәсібі мен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық басты назарда болды.

Тоқаев өз сөзінде Түркияның Қазақстан үшін ежелден бауырлас, түбі бір, рухани тамыры ортақ мемлекет екенін атап өтті. Ол қазақ-түрік байланысының кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанын ерекше атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты бұдан да жоғары деңгейге көтеруге ниетті екенін жеткізді.

Келіссөздер барысында екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Былтыр сауда айналымы 5 миллиард долларға жетсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселеу көзделіп отыр. Қазақстан Түркияға 1 миллиард доллар көлеміндегі 34 түрлі өнім жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың маңыздылығына тоқталып, заманауи теміржол, порт және жүк терминалдарын салуға түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенін жеткізді.

Энергетика саласындағы ықпалдастық та күн тәртібінде болды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру, сондай-ақ энергия тапшылығын жоюға бағытталған бірлескен жобаларға түрік компанияларын тарту ұсынылды.

Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексінде шикізатты терең өңдеуге ынталандыратын роялти жүйесінің енгізілгенін айтып, түрік инвесторларын бірлескен қор құру арқылы тау-кен саласы мен табиғи ресурстарды игеру жобаларына қатысуға шақырды.

Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бірі, клейковинаның 26 пайызы Түркияға экспортталады. Түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен жалпы құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 ауыл шаруашылығы жобасы іске асырылуда.

Туризм саласында да оң өзгерістер бар: Түркия азаматтарына Қазақстанда 90 күнге дейін визасыз жүру мүмкіндігі берілді. Бұл шешім туристік және мәдени байланыстарды дамытуға серпін береді.

Алдағы уақытта Астана мен Алматыда Түркияның «Маариф» қорының екі мектебі ашылады, сондай-ақ Түркияның үздік университеттерінің филиалдарын ашу жоспары бар. Бұған қоса, Газиантеп провинциясында Қазақстан бастамасымен мектеп құрылысы басталды.

Түркия Президенті Ердоған қазақ халқын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен құттықтап, Қазақстанды өзінің «екінші отаны» деп атады. Бұл — екі ел арасындағы рухани байланыстың тереңдігін көрсететін шынайы ықылас.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан–Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысын өткізіп, бірлескен декларацияға және 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды. Кеңесте сауда, инвестиция, көлік, энергетика, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жасанды интеллект және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобалар мен бастамалар бекітілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары – бауырлас Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтерген тарихи маңызды қадам. Екі елдің көшбасшылары ортақ мақсат пен өзара сенімге негізделген диалогты жалғастырып, көпқырлы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге дайын екенін тағы бір мәрте нақты көрсетті.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *