Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен брифинг өткізді

Анкарада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы Түркияға ресми сапармен шақырғаны және көрсетілген қонақжайлық үшін бауырлас түрік халқына, сондай-ақ Президент Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді.

– Қос халықтың игілігі үшін түрік еліне жасалатын әр сапардың мәні ерекше. Президент Ердоғанның басшылығымен Түркия тарихи жетістіктерге жетіп, халықаралық аренада беделі жоғары мемлекетке айналды. Бұл – түрік халқының бірлігі мен даналығының, Президенттің қажырлы еңбегінің жемісі. Қазақ халқы Ердоған мырзаны және бүкіл түрік елін шынайы құрметтейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел арасындағы қарым-қатынас бүгінде кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысында өзара ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған маңызды мәселелер талқыланып, бірқатар үкіметаралық құжаттарға қол қойылған.

– Түркия – Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция саласындағы басты серіктестерінің бірі. Былтыр тауар айналымы 5 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндік бар, – деді Мемлекет басшысы.

Түркия Президенті бүгінгі келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті.

– Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі ел және біздің негізгі серіктесіміз. Бүгін біз қорғаныс пен энергетикадан бастап, көлік, ғылым мен технологияға дейінгі кең ауқымды салалар бойынша пікір алмастық. Біз тау-кен, сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін талқыладық. Тарихи Жібек жолының қазіргі баламасы – Транскаспий көлік бағдарын пайдалану және дамыту жолдарын қарастырдық, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Түркия Президенті туризм саласындағы ынтымақтастық перспективасына тоқталып, түрік азаматтарына Қазақстанда 90 күн визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

Брифинг барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өзара сенімі мен достығына негізделген байланыстары алдағы уақытта жаңа серпінмен дами беретініне сенім білдірді. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіссөздердің табысты өткені үшін Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтып, Түркия Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *