Қазақстандық оқушылар Халықаралық экономика олимпиадасында топ жарды

Әзербайжан астанасы Бакуде мектеп оқушыларына арналған беделді International Economics Olympiad (IEO) зияткерлік жарысы өтті. Экономика, қаржы және кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан жастарға арналған бұл додаға 55 елден 280-ге жуық қатысушы қатысты.

Қазақстан құрамасы биылғы олимпиадада ерекше нәтижеге қол жеткізіп, әлемнің үздік командаларының қатарынан көрінді. Бизнес-кейс бойынша командалық кезеңде отандық оқушылар АҚШ, Жапония және Ұлыбритания елдерінен келген мықты қарсыластарын басып озып, жоғары дайындықтарын көрсетті.

Жекелеген сайыстар нәтижесінде қазақстандық қатысушылар келесідей марапаттарға ие болды:

Алтын медаль — Батырхан Мұхтархан, Астана қаласындағы НЗМ, 10-сынып

Күміс медаль — Әділет Абзалиев, Астана қаласындағы НЗМ, 11-сынып

Күміс медаль — Нұрхан Тулеев, Астана қаласындағы НЗМ, 11-сынып

Қола медаль — Томирис Оспан, Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп, 11-сынып

Құрмет грамотасы — Даниал Арыстан, Астана қаласындағы НЗМ, 11-сынып

Команданы олимпиадаға дайындаған жетекшілер:

Руслан Мулдашев — «Paradigm Shift» ЖШС-нің қаржы директоры

Айгүл Қарқұлова — «Дарын» РҒПО директорының орынбасары

Олимпиаданың басты мақсаты – мектеп оқушыларының экономикалық және қаржылық сауаттылығын арттыру, кәсіпкерлік қабілеттерін дамыту және заманауи жаһандық экономика талаптарына сай кәсіби бағдар беру. Қатысушылар жеке және командалық турларда аналитикалық тапсырмаларды шешіп, іскерлік ойындарға қатысады, қаржылық жоспарлау мен экономикалық модельдеуге қатысты білімдерін паш етеді.

Қазақстан бұл олимпиадаға 2018 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрамамыз 2 алтын, 5 күміс және 17 қола медаль иеленіп, ел мерейін үстем етті.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *