ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті АҚШ Сауда министрлігінің Сауда құқығын дамыту бағдарламасы өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қазақстандық тарап зияткерлік меншікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған жоспарланған заңнамалық бастамалар, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жаңалықтарымен бөлісті. Тараптар зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара қызығушылықтарын танытты.
Өзара іс-қимылдың басым бағыттары ретінде контрафактілік өнімдерді анықтауға арналған цифрлық құралдарды пайдалану, маркетплейстерде зияткерлік меншік объектілерінің құқықтарын қорғау, интернеттегі зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға байланысты дауларды сотқа дейінгі тәртіпте реттеу, сондай-ақ құқықтарды ұжымдық басқару мәселелері бойынша тәжірибе алмасу атап өтілді.
Бұл кездесу — Қазақстан мен АҚШ арасындағы құқықтық ынтымақтастықтың маңызды кезеңі. Екі елдің мамандары зияткерлік меншік саласында тиімді әрі заманауи тәсілдерді қолдану арқылы әділ нарықтық ортаны қалыптастыруда бірлесе жұмыс істеуге әзір екендерін нақты көрсетті.