ШЫМКЕНТТЕ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕТІН ЖАҢА ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Шымкентте мейірім мен қамқорлыққа негізделген игі бастамалар жалғасып келеді. Қалада ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғаммен етене араласуына және жан-жақты дамуына бағытталған жаңа әлеуметтік нысан – «Балауса» балаларға арналған №11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмысын бастады.

Мирас шағынауданында орналасқан еңселі төрт қабатты ғимарат бүгінде жүздеген отбасы үшін үміт пен сенімнің мекеніне айналуда. Жалпы аумағы 2977,6 шаршы метрді құрайтын орталықта ерекше күтімді қажет ететін балаларға барлық қолайлы жағдай қарастырылған.

Мұнда психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған, 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталық бір мезетте 150 баланы қамтуға шақталған.

«Балауса» – тек әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме ғана емес, әр баланың бойындағы мүмкіндікті ашуға, олардың өмірге деген сенімін нығайтуға бағытталған ерекше орта.

Мұнда балаларға әлеуметтік, медициналық, психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетіліп, олардың шығармашылық қабілеті мен өмірлік дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.

Орталықта 122 әлеуметтік маман қызмет етеді. Әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, балалардың жарқын болашағы үшін еңбек етуде. «Балауса» орталығының ашылуы Шымкентте әлеуметтік қолдаудың жаңа мәдениеті қалыптасып келе жатқанын айқын аңғартады.

Мұндай орталықтардың ашылуы ерекше балаларға сапалы қызмет көрсетуді арттырып, олардың қоғамға бейімделу мүмкіндігін кеңейтеді. Алдағы уақытта да қалада әлеуметтік қолдау бағытындағы осындай жобалар жалғасын табады деп күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *