Шымкент қаласында 2026 жылы тұрғын үй қорын жаңарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және қаланың инженерлік-коммуналдық жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар қарқын алады. Бұл туралы қалалық құрылыс басқарма басшысының орынбасары Ердаулет Клышбекұлы Ажібаев БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, қалада тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, ескі және апатты тұрғын үйлерді жаңарту, жаңа баспаналар салу және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру бағыттарына басымдық берілген.
Биыл реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған 13 тұрғын үйдің тұрғындарын жаңа әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында бұл мақсатта бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа үйлер заманауи талаптарға сай салынып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, қала аумағында 31 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар аясында ғимараттардың шатырлары, қасбеттері, инженерлік желілері және ішкі коммуникациялық жүйелері жаңартылып, тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен энергия тиімділігі артады. Бұдан бөлек, 26 тұрғын үйдегі тозығы жеткен 37 лифтті толықтай жаңарту көзделген.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да басты назарда. Жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығы мен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша ғимараты пайдалануға берілмек. Бұл нысандар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Білім беру саласында да ауқымды жобалар іске асырылуда. Қалада 7 жаңа нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жаңа мектептерге қосымша ғимараттар, оқушы орындарын кеңейту жобалары және студенттерге арналған заманауи жатақхана бар. Сонымен қатар, бірқатар білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.
Қала әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, денсаулық сақтау, мәдениет және төтенше жағдайлар салалары бойынша да жаңа жобалар қолға алынған. Бұл бағыттағы бірқатар нысандардың құрылысы 2027 жылға өтпелі кезеңде жалғасады деп күтілуде.