Шымкентте жаңа оқу жылына дайындық барысы мен білім беру саласының негізгі басымдықтары талқыланған педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Жиында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта және техникалық-кәсіптік білім беру, педагогтердің кәсіби дамуы, инклюзивті білім беру, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері сөз болды.

Жиында Шымкент қаласының білім басқармасы басшысы Қуаныш Ысқақов жаңа оқу жылында қаладағы 1 386 білім беру ұйымы жұмыс істейтінін мәлімдеді. Оның 262-сі мемлекеттік болса, 1 124-і жекеменшік. Бұл ұйымдарда 405 мыңнан астам бала білім алады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағытында қалада 662 ұйым қызмет көрсетеді. Биыл 28 жаңа балабақша ашылып, 2 708 орын пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 2–6 жастағы 84 750 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бұл жалпы көрсеткіштің 85 пайызын құрайды.

Жаңа оқу жылында 29 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Ал өткен оқу жылында 766 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Бұдан бөлек, 1 196 оқушы 11-сыныпты, 1 608 оқушы 9-сыныпты үздік аттестатпен аяқтады. «Алтын белгі» иегерлерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 116 оқушыға артқан.
Шымкент оқушыларының халықаралық және республикалық білім додаларындағы көрсеткіші де жоғары. Өткен оқу жылында қала оқушылары 16 алтын, 44 күміс және 63 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 80-нен астам мектеп бітіруші әлемнің 100-ден астам жетекші жоғары оқу орнына шақырту алып, халықаралық білім гранттарына ие болды.

Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға да ерекше мән берілуде. Қала бойынша 25 мұғалім «Үздік педагог» атағын иеленді. Ал «Білім беру шебері» байқауына 13 мыңнан астам педагог қатысып, қорытындысында 10 мұғалім жеңімпаз атанды.
Инклюзивті білім беру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 мыңға жуық балаға арнайы білім беру және түзету қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, басқару процестерін цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізу жұмыстары жалғасуда.
Қосымша білім беру жүйесімен 112 мыңнан астам оқушы қамтылған. Жазғы кезеңде 224 мыңнан астам бала білім беру, кәсіби бағдарлау және дамыту жобаларына қатысты. Биыл дарынды балаларға арналған жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру лагері де іске қосылды.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында қаладағы 35 колледжде 49 185 студент білім алады. 2026 жылы 14 598 түлек колледж тәмамдады. Оларды жұмыспен қамту мақсатында 1 420 кәсіпорын-жұмыс берушімен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Білім беру инфрақұрылымын жаңарту бағытында биыл 6 мектеп пен 1 балабақшада күрделі жөндеу жүргізілді. Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 7 мектепке қосымша ғимарат салынуда.
Жиында жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтар да айқындалды. Олардың қатарында білім сапасын арттыру, жасанды интеллект пен цифрлық құзыреттілікті дамыту, құндылыққа негізделген тәрбие жүйесін жетілдіру және білім беру ұйымдарындағы басқарушылық жауапкершілікті күшейту бар.
Осылайша, жаңа оқу жылында Шымкенттің білім беру саласында қолжетімділікті арттырумен қатар, білім сапасы мен педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейтуге, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға басымдық берілмек.