Шымкентте 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Қазақ тілі – Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті. Көрме орталығында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, тіл жанашырлары, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, мәдениет және өнер саласының өкілдері қатысты.

Басқосуда қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданысын кеңейту, оны түрлі этнос өкілдерінің меңгеруіне жағдай жасау және тіл саясатының өзекті бағыттары талқыланды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мемлекеттік тілдің қолданысындағы оң өзгерістерге тоқталды.
«Биыл түлектердің 80 пайызы тестті қазақ тілінде тапсырды. Ал мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларының 70 пайызы қазақ тілінде білім алады. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілге деген сұраныстың артып келе жатқанын аңғартады», – деді Сәрсен Құранбек.
Жиында тіл мәселесі қоғамдық келісіммен сабақтастырыла қаралды. Қатысушылар көпэтносты қоғамдағы тілдік әралуандықты сақтай отырып, қазақ тілін ортақ коммуникация тілі ретінде дамыту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ этностардың ана тілін, мәдениеті мен дәстүрін қолдауға бағытталған жұмыстар сөз болды.

Халықаралық қазақ тілі қоғамының Шымкент қаласындағы филиалының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек оңтүстік өңірдегі мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткішіне тоқталып, ендігі міндет қазақ тілінің жаңа салалардағы әлеуетін арттыру екенін айтты.
«Шымкент пен оңтүстік өңірді қазақ тілінің жанашырлары көп шоғырланған аймақ деуге болады. Түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі 98 пайызға дейін жетеді деген дерек бар. Бұл – көңіл қуантарлық көрсеткіш. Енді қазақ тілін ғылым мен технология салаларында кеңінен қолдануға басымдық беруіміз керек», – деді Ерсұлтан Әмірбек.
Форум барысында қазақ тілінің терминологиялық қорын жетілдіру, ғылыми және технологиялық кеңістіктегі қолданысын арттыру, грамматикалық нормаларды сақтау мәселелері қозғалды. Қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты пікір алмасты.