1400-ден астам студент педагогикалық практикаға жіберілді

Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 3-курс студенттері педагогикалық практикаға кірісті. Биыл 1400-ден астам студент Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 80-ге жуық білім беру ұйымында тәжірибеден өтеді.

Осыған орай университетте орнықтыру конференциясы ұйымдастырылып, студенттерге практиканың мазмұны мен өту тәртібі түсіндірілді. Жиынға Академиялық департамент өкілдері, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, практика жетекшілері, педагогтер мен психолог-әдіскерлер қатысты.

Конференцияда студенттерге практика барысында атқаратын жұмыстары, кәсіби әдеп талаптары және білім беру ұйымындағы жауапкершілігі таныстырылды. Сабақ өткізу, оқушылармен жұмыс істеу, оқу үдерісін ұйымдастыру және теориялық білімді тәжірибеде қолдану мәселелеріне назар аударылды.

Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жанбол Жылбаев болашақ мұғалімді даярлауда педагогикалық практиканың маңызы зор екенін атап өтті.

Практика кезеңінде студенттер сабақ үдерісіне қатысып қана қоймай, педагогтің күнделікті жұмысымен танысады. Олар сыныптағы ахуалды бақылап, оқушылармен қарым-қатынас орнату, сабақ құрылымын жоспарлау және оқу материалын тиімді ұсыну тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгереді. Бұл кезең болашақ маманға таңдаған кәсібінің ерекшелігін тереңірек түсініп, өз мүмкіндігін бағалауға жол ашады.

Практика жетекшілері мен әдіскерлер студенттерге қажетті ұсынымдарын беріп, алдағы жұмыс тәртібін түсіндірді.

Педагогикалық практика барысында болашақ ұстаздар университетте алған білімін мектептегі нақты оқу үдерісінде қолданып, педагогикалық дағдыларын жетілдіреді.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025–2026 оқу жылына қатысты мәліметіне сәйкес, Қазақстан бойынша педагогтерге жалпы қажеттілік 5 413 адамды құраған. Мамандарға сұраныс әсіресе математика – 1 069, бастауыш сынып – 751, орыс тілі мен әдебиеті – 635, физика – 382 және химия пәндері бойынша жоғары болған. Шымкентте де жекелеген мамандықтар бойынша маман тапшылығы байқалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *