Шымкентте агросалаға 14,1 млрд теңге инвестиция тартылды

Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласына биыл 14,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал жеті айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 34,3 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,4 пайызды құраған. АӨК өнімдерінің экспорт көлемі 112,2 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл туралы Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков мәлімдеді.

Саланы қолдауға 2026 жылы жергілікті бюджеттен 863,3 млн теңге қаралып, шаруаларға 491 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Өндіріс тиімділігін арттыру үшін заманауи технологияларға басымдық беріліп отыр. Қалада 140 гектар жылыжай кешені жұмыс істейді. 53 шаруашылық 340 гектарға жуық алқапта тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдануда, – деді Қайрат Мейрханұлы.

Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. Сүт өндірісі 5,2 пайызға өсіп, 45,8 мың тоннаға, ал жұмыртқа өндірісі 1,5 пайызға артып, 134,1 млн данаға жеткен.

Агроөнеркәсіп кешенінде өндірісті кеңейтумен қатар, өнімді сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінуде. Биыл бір тауарлы сүт фермасы, екі заманауи жылыжай кешені және екі құс фермасы өндірісін кеңейту жұмыстарын қолға алған. Сонымен қатар көкөніс сақтау қоймаларының қуаты ұлғайып, жаңа нысандар бой көтеруде.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 10,6 млрд теңге бағытталған. Қазір 100-ге жуық әлеуметтік сауда орнында өнімдер белгіленген шекті бағамен сатылып жатыр. Бұдан бөлек, 18 «Бақша» әлеуметтік павильоны жұмыс істейді. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде өнімдер нарық бағасынан 10–15 пайызға төмен ұсынылады.

Қалада ветеринариялық қауіпсіздікке қатысты шаралар да жалғасуда. Жыл басынан бері 152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануары кенеге қарсы өңделіп, 4,6 млн шаршы метр аумақ залалсыздандырылған.

Бұдан бөлек, қала тұрғындарын алаңдатып отырған қаңғыбас жануарлар мәселесі де назарда. Биыл қалада 35 мыңға жуық қаңғыбас ит ауланған.

Жалпы, келтірілген көрсеткіштер Шымкенттегі агросалада өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу және азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында жұмыстардың қатар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *