Шымкенттің білім беру ұйымдары оқулықтармен қамтамасыз етілуде. Бүгін қалаға алғашқы үш жүк көлігімен оқулықтар жеткізіліп, оларды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Оқулықтар тиелген тағы төрт жүк көлігі Шымкентке қарай жолда келе жатыр. Қалған басылымдар да алдағы күндері кезең-кезеңімен жеткізілетін болады,-деп хабарлайды Bozyq.kz.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 27 шілдеде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тиісті тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрығы күшіне енді. Осыған байланысты Шымкент қаласы білім басқармасы тарапынан қажетті өтінім рәсімделіп, Шымкент қаласының мәслихатына жолданды. 14 тамызда оқулықтарды сатып алуға қажетті қаражатты бөлу туралы тиісті шешім қабылданып, 21 тамызда қаржы қалалық білім басқармасының теңгеріміне берілді.
2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджеттен оқулықтарды сатып алуға 2 млрд 388 млн 319 мың теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа шамамен 600 мың оқулық сатып алу, қордағы тозығы жеткен кітаптарды жаңарту және білім алушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету көзделген.
Жаңа оқулықтар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан аккредиттелген 11 баспадан сатып алынуда. Барлық басылым мемлекеттік стандарттарға сәйкес дайындалған.
Алдағы аптадан бастап мемлекеттік мектептердегі тозығы жеткен оқулықтарды ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осылайша білім алушыларды оқу жылына қажетті оқулықтармен толық қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, Шымкент қаласының жалпы орта білім беру ұйымдарында өткен 2025–2026 оқу жылында 277 мыңнан астам оқушы білім алды. Бұл 2024–2025 оқу жылымен салыстырғанда шамамен 1 мың балаға көп.
Биыл да қала мектептеріндегі оқушылар санының артуы байқалады. Осыған байланысты білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету және кітап қорын жаңарту жұмыстары жаңа оқу жылына дайындықтың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.