Республикалық «Үздік педагог-2026» байқауының қалалық кезеңі басталады

Республикалық «Үздік педагог-2026» байқауының қалалық кезеңі өтеді. Байқау 14 қыркүйекте басталып, педагогтерден құжаттар 14–16 қыркүйек аралығында қабылданады.

Байқауға меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, арнайы, мамандандырылған, қосымша және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында штаттағы педагогтер қатыса алады.

«Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады.

Байқау барысында педагогтің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, кәсіби шеберлігі мен педагогикалық қызметінің тиімділігі ескеріледі. Биыл байқаудың барлық кезеңі, яғни қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейінгі үдеріс толық цифрландырылған.

Педагогтер 2026 жылғы 14–16 қыркүйек аралығында «Үздік педагог» байқауына қатысу үшін қажетті құжаттарды арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүктей алады:

2026 жылғы 17–21 қыркүйек аралығында қалалық комиссия мүшелері педагогтердің материалдарын қарап, бағалау жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде ең жоғары балл жинаған 10 педагог қалалық кезеңнің жеңімпазы атанып, байқаудың республикалық кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Ұстаз мәртебесін арттыру – еліміздегі білім беру саласының басым бағыттарының бірі. Бүгінде педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіби біліктілігін арттыруға және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бұл бағытта Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда қалада 32 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың кәсіби шеберлігі мен білім саласына қосқан үлесі жоғары бағаланып, ұстаздардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталған түрлі жобалар мен бастамалар жүзеге асырылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *