Абай ауданында 2026 жылдың сегіз айында қандай жұмыстар атқарылды?

Шымкент қаласының Абай ауданында 2026 жылдың сегіз айында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл туралы Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан мәлімдеді.

Screenshot

Аудан әкімінің айтуынша, қазір негізгі басымдық – тұрғындарды жылу маусымына дайындау, жол және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, көшелерді жарықтандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру.

Бүгінде аудандағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 162 көпқабатты тұрғын үйдің 99-ында сығымдау жұмыстары жүргізіліп, дайындық актілері рәсімделген. Сонымен қатар 32 мектеп, 9 балабақша және 13 медициналық ұйым жылу маусымына дайын.

Жол инфрақұрылымы бойынша ауданның 1274 көшесінің 1207-сі асфальтталған. Бұл – жалпы көшелердің 95,4 пайызы. Қалған көшелерді асфальттау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

Көшелерді жарықтандыру бойынша да айтарлықтай нәтиже бар. 2024 жылға дейін 193 көше ғана жарықтандырылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілген.

Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 15 әмбебап алаңша, 2 ашық спорт алаңы және 5 гүлзар салынуда. Жобаларға 566,6 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар 35 көшеге 44,5 мың шаршы метр аяқжол салу жұмыстары жүргізілді.

Аудан аумағын абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясы аясында да тұрақты жалғасуда. Жыл басынан бері 31 сенбілік ұйымдастырылып, оған 50 мыңға жуық тұрғын, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен еріктілер қатысты.

Аудан әкімінің айтуынша, аталған жұмыстардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *